Ағайындарымен, жақын дос-құрбыларымен араласып-құраласып, барысып-келісіп сыйласуды білмейтін тұйық, жатбауыр адамдарды сынағанда айтылады.
АҒАСЫ БАРДЫҢ ЖАҒАСЫ БАР,
ІНІСІ БАРДЫҢ ТЫНЫСЫ БАР
«Қазақта ағаны арқа, ініні медет тұтады. Содан: „Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар“ деген мақал тараған». (М. Рүстемов, 86.75-б.).
Бұл – бірге туған бауырлар немесе жақын, ағайын адамдар бір-біріне қарайласып, көмектесіп тұрады. Сондайда ағасы інісіне сүйеніш, қорған болады, інісі ағасына қолқабыс етіп, қолын ұзартады, тынысы болады дегені.
АҒЫ БАРДЫҢ – БАҒЫ БАР
«Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. „Ағы бардың – бағы бар“ деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 67-б.)
Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап, сүтін сатқанның өзінде тиын-тебенін айырып, күн көрісіне сеп болмай ма.
АЗДЫҢ АТАСЫ БІР
«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім -бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түпкі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, дәстүрлі өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөзің мәнісі осында. (А. Сейдімбек, 93. 132-б.).
Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген. Яғни, «бес саусақ біріксе, бітпейтін іс жоқ» дегендей мағынаны береді.
АЗ ТАМАҚҚА БАУЫРШЫНЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ
«Бауыршы – ХIV-ғасырларда Дешті —Қыпшақ үлкен мәжіліс-терінде ет турауға шебер, ұста адамдарды арнайы ұстаған. Бұларды „бауыршы“ деп атаған. Ибн Баттута саяхатнамасында Өзбек ханның мәжілісінде болғанда, бұл туралы былай деп жазыпты: Мәжілістер болғанда бауыршылар келеді. Бәрі арнайы жібек киім киіп келеді. Олар етті ұсақтап турайды. Ет тураудың нағыз майталмандары», – дейді.
Бауыршы ескі түркі тілінде бар сөз. Қазақта «Аз тамаққа бауыршының керегі жоқ» деген мақал бар». (Н. Құлмаханбетова, 52. 221-б.).
Аз іске, шағын шаруаға көмекшінің, артық адамның қажеті жоқ, өзім-ақ тындырамын деген мағынада ұғынылады.
АЙБИКЕ АУЫЛЫНА ҚОНҒАНША,
НҰРБИКЕНІҢ КӨШІП КЕТКЕН ЖҰРТЫНА ҚОН
«Шежіре деректерінде арғын ішіндегі Қаракесектен (Болатқожа) өрбіген аталардың бірі – Шаншар абыз. Шаншардың Қызбике (Қызданбике деп те атайды), Айбике, Нұрбике деп аталатын үш әйелі болған. Қызбике ұрпағы селдір, өсіп-өне қоймаған. Айбикеден – Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек туып, «төрт бек» атанып, олардың жеті ұрпағына дейін билік пен бектік дарыған. Мәселен, Келдібек, Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай, Мәди – бұлар исі қазаққа әйгілі тұлғалар.
Ал, Нұрбикеден – Тілеуке, Бертіс туған. Бұлардың ұрпақтары да өсіп-өніп, небір жақсы-жайсаңдар мен бай-бағыландар шыққан. Қарт Бөгенбаймен үзеңгілес болған Жарылғап батыр, дәулескер күйші Тәттімбет, жиырма мың жылқы біткен дәулетті байлар Адамбай, Тұрсын осы Нұрбике ұрпақтары». (А. Сейдімбек, 93.)
Мәтел сөзге келетін болсақ, мұны нағашылы-жиен, ағайын-туыс арасындағы әзіл-оспақ деп бағамдаған жөн .
АЙҒЫРКІСІ
«…Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Алдымен ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұғымымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын „адамат“ деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутаев „айғыркісі“ деген баламаны сарт еткізді». Ж. Қорғасбек, «Ақ желкен» журналы, №10, 2017ж.
Энциклопедиялық басылымдарда былай түсіндіреді: Кентавр – көне грек мифологиясы бойынша, басы мен кеудесі – адам, қалған тұрқы жылқы кейіптес, тау-тас пен ормандарда жасайтын жабайы, ажалды пенде. Бұл образ терістік тараптан келген скиф, кассит сияқты көшпелі тайпалардың салт атты жауынгерлерін алғаш көргенде (мініс жылқыларын тұңғыш рет көрген), таң қалып, үрейленгеннен пайда болған. Сондықтан да оларды мейірімсіз, қатал мінез-құлықты кісіайғыр немесе айғыркісі түрінде елестетеді.
Читать дальше