*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.
АДАМ – ӘРІ ЖОЛ, ӘРІ ЖОЛАУШЫ
«Сопылар „адам – әрі жол, әрі жолаушы“ дейді. Кез келген адамның жетістік әрі қателіктерімен өзі басып өтер өмір жолы бар. Ол – соның жолы, яғни адамның өзі – жол. Сонымен бірге отырсаң да, тұрсаң да, ұйықтап жатсаң да, сен бұл пәниге уақытша келген жолаушысың. Бәріміздің баратын, тоқтайтын межеміз – бір. Сон-дықтан өлетін-өлмейтін кезін пенде білмейді. Бұл бір Аллаға аян». (Б. Момышұлы, 15.71-б.)
Иә, әр адам өзінше жол, артында отбасылық, ел ішілік өмір қолтаңбалары қалады. Атқарған еңбек нәтижелері, шығармашылық, ғылыми еңбектері қалады дегендей.
Сондай-ақ Б. Момышұлы айтқандай әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар, яғни, әр адам өзінше бір жатқан жол. Ол жолды қанша қаласа да басқа адам қайталай алмайды, сүре алмайды. Сондай-ақ әр адам аумалы-төкпелі, ащылы-тәттілі өмірдің, тағдырдың иесі, ұзынды-қысқалы шым-шытырық өмір жолының жолаушысы. Оны басқа адам қанша қаласа да алмастыра алмайды. Адамның әрі жол, әрі жолаушы болатыны, адамдардың бір-бірін құрметтеп, бағалап, жолдарын қия кеспеуі тиістігін осылайша ұғындырып тұр емес пе .
АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП
«Абай гуманистік көзқарасты насихаттады. Ол адам атаулы жаратылысында бірдей деп қарады. Өзін өзгеден артық санай-тындарды сөгіп, „менімен сен тең бе деп мақтанасың, білімсіздіктің белгісі ол баяғы“ деді „Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп“; „Атаның баласы болма, адамның баласы бол“ дейді. Ол жалпы адамзатты түгел сүюге және оларды тең көруге үндейді, өте-мөте ауыр азап арқалаған мазлұмдарға* жанашырлық істеп, іш күйдіруді дәріптейді. „Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, қаракет қыл, пайдасы көпке тисін“ дейді». (М. Қани,55. 348-б. ).
« Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп ».Былайша айтқанда, өз туғаныңмен, бауырыңмен қандай қатынаста болсаң, өзге адамдармен де сондай қатынаста бол деген ойды жеткізіп тұр. Абайдың үлкен гумманист ақын екені осы сөзінен-ақ аңғарылып тұрғандай.
АҒАЙЫННЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,
АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН
«Жазда болатын ас-тойлардың бір қызығы бәйге. Жүйрік аттары жорғаларын, сәйгүліктерін баптап жарататын. Аты бәйгеден келген қазақтың қуанғаннан төбесі көкке жеткенддей болады. Ондағы бәйгеге келген жүлде емес (кейбір астарда бірінші бәйгеге жүз қараға дейін, кейде одан да көп жүлде тігілетін) – атағы. Жүлдеден ат иесі өзіне ырымға деп бірдеңе алып қалғаны болмаса, негізі оны ауылдастары, туған-туысқандары, жолдас-жораларына бөліп беретін. « Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалдың шығуына осы дәстүр де себеп болуы мүмкін. Бұл- қазақтың ұлттық мінезінің бір көрінісі». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.104-б.)
Бұл мақал ауылдасқа, көршіге, дос-жаранға деген тілектестік ниетті білдіру, байқату үшін айтылады.
АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП,
АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА АС КӨП
(Екінші нұсқа) *
«Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақты жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе, назын, әзіл қалжыңын кектемеуі керек. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады.
Халықтың тағылымында «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда, олар абысындарын шақырып, дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрады. Бұл дәстүр олардың сыйластық, татулық, бірлік-ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі» (С. Кенжеахметов, 43. 202-203-б.).
Яғни, ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.
*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.
АҒАЙЫННАН ЖАТ ЖАҚСЫ – СЫЙЛАСА АЛСА,
АРҒЫМАҚТАН ЖАБЫ ЖАҚСЫ – ШАБА АЛСА
«Біреудің жанына екінші біреу көшіп келгенде, оның керегесін жайысып, шаңырағын көтеріп, уығын шаншысу – қазаққа бұлжы-майтын тәртіп. Жаңа көршінің үйі тігіліп болған соң, көмектескен көршілер бір-бір малын сойып, оны үй ішімен асқа шақырады. Бұған ауыл болып мәре-сәре болады. „Көрші хақысы – тәңір хақысы“ деп түсінетін қазақта, міне, осыдан бастап өзара көмек, қормалдық, сенім басталады. Алым-берім жүреді. Мұның негізгі ұйытқысы – әйелдер. Бұлар бір-бірімен етене болып кетсе, еруліктің жалғасы берекеге ұласады. Көршілерде той-томалақ, өлім-жітім ортақ атқарылады. Бірге қуанып, бірге қайғырады. Содан келіп „Ағайыннан жат жақсы – сыйласа алса, арғымақтан жабы жақсы – шаба алса“ дегенді қазақ осыдан шығарған». (А. Жүнісұлы, 9. 13.04.1995.)
Читать дальше