– Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! – депті.
АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛАР,
ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛАР
Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазаға душар болды», – деген мағынада қолданылады.
Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:
– Мен тек шелегін ғана жалап едім, – деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:
– Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, – деген екен.
АҚҚАН СУҒА ДА БІР ТОСУ
Алуа заманында ақын да, керекті жерінде тапқыр екен. Сол елде Кенже деген атағы шыққан адам болыпты. Сол Кенже көптің алдында, тар жерде Алуаға:
– Әй, қатын, бері кел! – депті. Алуа:
– Кенже, атың бар-ау, әйтпесе барып сыбағаңды берер едім, – дегенде, көптің арасында отырған қарт:
– Шырағым, реті келген жерде тартынып қалма, – депті.
Сонда Алуа:
Кел дейсің, келгің келсе, сен келе кет,
Кел дағы, жігіт болсаң, сертіңе жет.
Кел деген ауыз байлық неге керек,
Келмесең, келгендерден садаға кет! – дегенде, отырғандар жадырай бір күліп. «Аққан суға да бір тосу!» десіпті.
Бұл – бетімен кеткен, бейпіл сөзді адамға да бір тосу бар дегені.
АҚҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЖАТУЫ ЖОҚ,
БҰЛ ТАҢНЫҢ АТУЫ ЖОҚ
Ертеректе Атырау өңірінде Аққожа деген кісі болыпты. Аты аңызға айналған аңқау, ұмытшақ, қорқақ екен. Бірде бәйбішесі баласының ауырып жатқанын айтып, оны күндік жердегі емшіге жұмсапты. Аққожа атына мініп жүре береді. Күн кешкіріп, емшінің ауылының шетіне кіре бергенде, абалап қарсы ұмтылған ауыл иттерінен есі шыға қорқып, неге келе жатқанын да ұмытып, күншілік жердегі өз ауылына кері шабады. Өзі де, аты да шаршайды. Далаға жата кетуге, қоңырлықта жыланнан, шағыл басында бөрі-қарыдан қорқып жүре береді. Алайда, шаршаған ат пен таң ұйқысы еріксіз кідіртеді. Атынан түскен Аққожа дойырын қолына қысып ұстап, көзін ілмей, қауіп күтіп отыра беріпті. Таңғы ұйқы қойсын ба, бір қалғып кеткенінде, басындағы киіз қалпағы алдына жалп ете түседі. Шошып оянған Аққожа оңтайлап отырған дойырымен ал төпейді кеп. Жарық түсе қараса, ұзақ таң төпейлегені өзінің жүн болып ұшып жатқан киіз қалпағы екен. «Аққожа батырдың жатуы жоқ, бұл таңның атуы жоқ», – деген сөз содан қалыпты.
Бұл сөз тіркесінің мағынасы – сен де тыным таппай, тыншымай қойдың, уақыт та өтпейді деген ұғымды аңғартады.
АҚҚУМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, КӨҢІЛІҢ ПӘК БОЛАДЫ,
ҚАРШЫҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ТАМАҒЫҢ ТОҚ БОЛАДЫ,
ҚАРҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ШОҚЫҒАНЫҢ БОҚ БОЛАДЫ
Тапқырлығы, алғырлығы, әділдігімен ел құрметіне бөленген Мәтжанды ел 20 жасында-ақ болыс етіп сайлайды. Оншақты жылдан кейін өткен қайта сайлау кезінде бұл мансаптан өзі бас тартады. Үйезд бастығына «мені сайламаңдар» деп арыз береді. Мұны есіткен ағайындас байлар:
– Басқа қонған бақты тепкенің қалай? —дейді. Сонда Мәтжан тұрып:
– Мен болыс болсам, халқыма пайдам тие ме деуші едім, оным бекер екен. Анау патшаның, шен-шекпенді жандаралдың көңілін табуым керек. Олай етіп болыс болғанша, болмағанның өзі артық емес пе, —депті.
– Аққумен істес болсаң, көңілің пәк болады, қаршығамен істес болсаң, тамағың тоқ болады, қарғамен істес болсаң, шоқығаның боқ болады. Осыған көзім жетті, —деген екен.
Әңгіме қандай адаммен істес, әріптес болғаныңа байланысты. Адал, пейілі таза адаммен істес болсаң, көңіл-күйіңе кір түспейді, таза болады дегені. Атақ-дәрежелі, шенді-шекпенді кісімен істес болсаң, қарның тоқ болады, ал ұры-қары, қарау, ел-жұртты тонаумен айналысатындармен істес болсаң, ішіп-жегенің харам болады дегені.
АҚЫЛ ЖАСТАН, АСЫЛ ТАСТАН
Аға тәжірибелі, ол сабырлы, ол парасатты, бірақ қазақ тарихында інілердің суырылып ағалары алдында сөз бастағандары болған. Қазақ елін шауып кеткен Қоңтажыға мал-жанды даулап келген үлкендер (билер) сөзі әсер етпегенде, бала Қазыбек:
– Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – дейді. Сонда қалмақ ханы:
– Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым қаракесек, – депті.
– Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! – депті хан. Сонда Қазыбек:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Читать дальше