Мәселен, бірінші кітаптағы «Абылай аспас сары бел» – ел аузындағы аңыз бойынша берілсе, екінші кітаптағы «Абылай аспас асу» жазбаша түрде, яғни Х. Досмұхамбетовтың дерегі бойынша ұсынылып отыр. Сондай-ақ, оқырман қос кітаптағы «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле», «Көп қорқытады, терең батырады», «Ұялған тек тұрмас», «Ұзынсары» және тағы басқа да қанатты сөздердің көп варианттылығын аңғарған болар. Оларды да біз қанатты сөздерің мән-мазмұнын жан-жақты аша түсетін болған соң бірнеше нұсқада ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, екінші кітапта бір қанатты сөзге орай айтылған бірнеше автордың ой-тұжырымдарын да қатарластыра жарияладық. Олар сол берілген қанатты сөздердің мән-мазмұны мен шығу тегін, төркінін бірде жан-жақты толықтырып, аша түссе, енді бірде түсініктері бір-біріне кереғар келіп қалады. Мәселен, «Елді ала тайдай бүлдірдің», «Ұлың – Үрімге, қызың – Қырымға», «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам», «Болат кездік қап түбінде жатпайды» және тағы басқалары. Олардың қайсысының пікірі дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айқындап, саралап жатпадық, көңілі даңғыл оқырманның өз ой-таразысына салдық.
«Қанатты сөз – қазынаның» бірінші кітабы 2010 жылы «Бәрекелді» баспасынан, екінші кітабы «Сенім» Жамбыл баспа орталығынан 2013 жылы аз тиражбен жарық көрген болатын. Кітаптардың жалпы оқырманға ұнағаны сондай, дүкендерде көп жатпай, тез таралып, байланыс телефонымыз арқылы жақсы пікір, лебіздерін айтып, іздеушілер көп екенін жеткізіп жатты. Міне, оқырмандардың сол аңсарлы тілектерін ескергендіктен, «Қанатты сөз – қазынаның» екі кітабын қайта аударыстырып, бұрынғы кемшін тұстарын түзетіп, қосымша материалдармен толықтырып, өздеріңізге жаңалап ұсынып отырмыз.
Ілгері уақытта, біздің бала кезімізде ел ішінде көкірегі даңғыл, қазына, шежіреге толы қариялар көп болушы еді. Олар көпшіліктің, кейінгі жастардың алдында салт-дәстүр, батырлық, тарихи, шежіре әңгімелерді, аңыз, ертегілер мен тәмсілдерді майын тамыза айтып, ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып, жастарға өнеге, тәлім беретін. Тағылымдарымен дұрыс жолға салып отыратын. Бүгінде ондай даңғыл қариялар сиреген, тіпті, ел ішінде қалмаған да болар. Біздің бұл кітаптарымыз сол олқылықтың орнын толтыра алмаса да, сондай әңгімелерге сусаған ел-жұрттың қажетіне жарап қалар деп ойлаймыз. Сөйтіп, бұл кітаптар оқырмандарымен қуанып табысатын, дүркін-дүркін қолына алып, ондағы ой-түйіндеулерді өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.
Кітаптар жайлы пікір-ескертпелеріңіз, алып-қосарларыңыз, баға-лебіздеріңіз болса, мына электронды поштамызға жазып, хабарласуыңызға болады: kenes-0305@mail.ru.
Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.
Автордан.
АБЫЛАЙ АСПАС САРЫ БЕЛ
Ел ішінде «Абылай аспас сары бел» деген қанатты сөз бар. Оның мәнісі былай:
«Аралбайдан туған Бәйтелі батыр төре тұқымынан адам өлтіріп, құнды болады. Абылай хан билерін жинап алып, құныкерге өлім жазасын бұйырғанын хабарлайды. Ханның сегіз биінің бірі – немере ағасы Байдалыға Бәйтелі жаутаңдап қарай берсе керек. Сонда Байдалы би: „Несіне қарайсың, лақ құрлы жоқсың ба, бауыздайын деп жатқанда ол да бақырады ғой“, – дейді. Байдалының сөзінің астарын түсінген Абылай өлім жазасын кешіріпті. „Жеті жарғыдағы“ құн төлеудің нарқы атам заманнан белгілі. Ал, қара бұқара төре тұқымын өлтірсе, бұдан былай екі кісінің құнын тартады. Сондықтан Бәйтеліге осы жаза қолданылсын», – дейді. Байдалыдан басқа билер бас шұлғып мақұлдайды. Байдалы: «Тақсыр хан ием, есік алдында сіздің торы төбел тұлпарыңыз байлаулы тұр. Соның төбеліндегі түгі көп пе, жоқ, тұла денесіндегі түк көп пе?» – депті. Абылай:
«Әрине, тұла денесіндегі түк көп», – дейді. Байдалы би сөзін жалғап: «Олай болса төре тұқымы ат төбеліндей аз. Мен жаңа тетелес інім Жәнекеңе (Бекше мен Аралбай бір әкеден, Байдалы Бекшеден, Бәйтелі Аралбайдан туған. Байдалы тетелес немере інісін Жәнекең деп еркелетіп атаған. Содан Бәйтелі аты ұмытылып, Аралбайдан тарайтын бір тайпа ел Жәнекең руы атанып кеткен): „Бауыздайын деп жатқанда лақ та бақырады ғой, бақыр“, – дедім. Ол бақырып аруақ шақырса, ұранға шаппайтын ел болмайды. Сізге қамтуыңыздағы қалың бұқара қарсы шығады. Арғысы Арғын, берісі Мейрамның бес баласы дүрліксе, хан болып тұра алмайсыз. Сондықтан адамнан адамның артықшылығы жоқ, төре тұқымына екі құн төлей алмаймыз. Бір кісінің құнын төлеуге, ол құн даулап отырған адамыңыз нағыз төре болса, талша мойнымыз қылша. Ал, бірақ Бәйтелінің жалалы болған адамы күңнен туған, түбі шикі. Сондықтан жарты құн төлейміз», – деген екен. Сонда Абылай «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп Байдалының кесіміне тоқтапты. Сол даудан кейін Байдалы «Абылай аспас сары бел» атанып кеткен екен.
Читать дальше