– Әй, бауырлар, сабыр етіңдерші, – деген өзіміздің түркіше ыстық сөзді естіп, артымызға жалт бұрылдық.
Эллинше киінген, сақалын қырынған, белінде ақинақ семсері 5 5 Ақинақ семсер* – сақ семсері.
жоқ демесең, түр-келбеті сақ жұртына тән адам қуып жетті. Біз таң қалып, аңырып тұрғанымызда, ол:
– Жаңылмасам, сен Дәукет ұлы Анарыс боларсың? – деді тосыннан.
Бөтен елде өзіміздің ана тілінде сөйлейтін біреуді кезіктір-генімізге әрі хан иемді танитын адам болып шыққанына қатты қуандық.
Анарыстың көзінен жас ыршып кетті.
– Ал, сен, бейтаныс жан, мені қайдан танисың?
– Мен де сендер келген өңірден шыққанмын, – деді ол. – Менің атым Тоқсары. Алайда сен танитындай текті тұқымнан емеспін.
– Көрер көзге танымағаныммен, сені мен де сыртыңнан білемін, – деді Анарыс. – Тоқсары деген біреудің Грекияға құмар-тып, отбасын Сақ елінде қалдырып, Афиныға қоныс тепкенін естігем. Қазір осында емші-дәрігер болып, халықтың құрметіне бөленіп, атақ-даңқың шартарапқа жайылғанынан да хабардармын.
– Иә, мен сол адамның нақ өзімін, – деді Тоқсары да толқып. – Ел-жұртым мені ұмытпай, еске алып тұрады екен-ау.
– Ендеше, біліп қой, – деді сонда Анарыс. – Мен сені өзіме ұстаз тұтамын. Грекияға деген құштарлығыңнан от алып, алдыма үлкен мақсат қойып, сенің артыңнан жеттім. Ата-бабаларымыз кие тұтқан семсер мен қалқанның, бір Тәңірдің атынан өтінемін, Тоқсары. Жат жерде жалғыз қалдырма бізді, өзің ертіп жүріп Афиныдағы, содан соң бүкіл Грекиядағы көруге тұрарлық жердің бәрін көрсет. Бұл жердің салт-дәстүрімен, халқы, мемлекет өмірімен де таныстыр. Осылардың бәрін көріп-білмей қайтып кетуімізге жол бере көрме.
– Сенің сөздерің, – деді Тоқсары, – құмарланып келіп есік алдынан қайтып кететін адамның сөзіне ұқсамайды. Афиныны да, бүкіл Грекияны да аралатып көрсетемін, білмейтін нәрсеңді үйретемін. Мұнда шеттен келгендерді баурап алатын кереметтер көп. Қаланың сиқырына бір еліксең, өзге нәрсені ойламайтын боласың. Афиныда Азия мен Еуропаны, Мысырды шарлап аралаған, көрген-түйгені мол, даналықтың шыңына көтерілген, ізгі қасиеттерімен бүкіл халықтың құрметіне бөленген Солон деген данышпан бар. Егер қаласаң, сонымен таныстырайын. Егер оның назарына бір ілігіп, досына айналсаң, ол арқылы сен бүкіл Грекияны білетін боласың, ең бастысы, оның қалайша әйгілі адам болғанын ұғынасың.
– Онда несіне тұрмыз, Тоқсары, – деді Анарыс тағат-сызданып. – Мені ең алдымен сол кісіге таныстыра гөр.
***
Біз Афины көшелерін аралай жүріп, айналасы гүлзар, жүзімдіктермен көмкерілген ақшаңқан, биік сарайдың алдына келіп тоқтадық. Тоқсары
есікті қағып еді, ар жағынан жұпыны киінген бір құл шықты.
– Әй, Солон дананың қызметшісі, – деді Тоқсары. – Сен Солонға мынаны айта бар: Сонау қиырдағы Скиф даласынан сақтардың ханзадасы, даналық ілім іздеген Анарыс деген пірадар білім-зердесін сынатып қайту үшін келіп тұр. Көңілі қаласа, дос болып, бар пейілімен сыйласуға дайын екен деп айт, – деді серпіле сөйлеп.
Қызметші Тоқсарының жанындағы кісінің киім киісінен, ерекше түр-сипатынан жат жұрттық екенін түсіне қойып, Тоқсарының сөзін Солонға айтып барды. Көп өтпей қайтып келіп, Анарысқа қарап:
– Солон сізге: «Есі бар адам досты өз отанынан іздейді. Жат жарылқамас болар» деп сәлем айтты, – дейді. Сол сәтте Анарыс:
– Онда тез қайтып барып мынаны айт: Солон дана дәл қазір өз шаңырағында – отанында отыр. Елінің төрінде отырып, достан қашқаны несі? Досына дос қосатын осы мүмкіндікті жібермесін, – деп тауып айтып, қызметшіні кері жүгіртеді.
Көп өтпей тапқыр жауапқа сүйсініп, риза болған Солон дананың өзі үйінен шығып, Анарыс хан иемді құшақ жая қарсы алады.
Міне, осыдан бастап Эллада елінің ғұламасы Солон мен хан ием Анарыстың достығы қашан ұстазы көз жұмғанша үзілген жоқ. Олардың өзара пікір алысулары мен әңгіме-сұқбаттары сағаттап, кейде күннен түнге ұласатын. Мен түсіне бермейтін терең де күрделі ойға құрылған талдаулар мен заң, жарғыға қатысты мәселелерді шешетін. Кей жағдайларда хан иемнің Солонның өзіне ақыл қосып, тапқырлық танытатын кездері де көп еді.
Сол уақытта Солон мемлекеттік басқару ісіне өзгерістер енгізіп, заң-жарғылардың баптарын жетілдірумен айналысып жүр екен. Сол жарғыларға Анарыс хан иемнің әңгімелерінен түйген көптеген тың ойлар мен біздің даланың даналық үлгілерін қосып, өзгертеді.
Анарыс хан ием Солонмен бірге әр түрлі мәжілістер мен пікірталасуларға қатысып, өзінің де ой ұшқырлығын, сөз шеберлігін танытты.
Читать дальше