Бегім төре, нəніміз,
Сөзге құлақ салыңыз,
Айтқаныма менің наныңыз,
Тауқымет тартып тосыннан
Болмай отыр хəліміз.
Аз ғана тарих айтайын –
Саралап талдап алыңыз,
Өткен күннің шежіресі,
Не зият, не жат – таныңыз.
Бұлағын жырдың көзейін,
Қызыл тілді безейін,
Көзінен əбден қаныңыз,
Шырқатайын шығандап
Келгеніңше хəліміз,
Шамыңа тимей қарайын,
Жыр құмартса жаныңыз…
Өткен менен кеткеннен,
Бұрынғы би-бектерден
Біраз мысал əшкертсем,
Түсер ме екен бабымыз?
Ол күн менен бұл күннің
Айырымы не нəрсе? –
Екі арасын бағыңыз.
Жəне бір жайды айтайын:
…Ноғайлының елінде,
Үш қиянның жерінде,
Ұзын аққан Еділде,
Ақ Жайықтың кеңінде
Талай хандар шалқыған.
Басынан бақыт ауғанда,
Пошымы аумай ғаріптен,
Бұғалықты аттай бүгіліп,
Шалқыған хандар алқынған.
Дəреже тапқан ерлер бар
Саланың бойы салқыннан.
Менмендік тасқан шағында
Едіге ерді қорсынған
Тоқтамыс ханның елі де
Қапияда отқа шарпылған.
Бақыты баста тұрғанда
Кəпірдің жұрты қорықты
Орақ пен Мамай даңқынан.
Алшы Ысмайыл, Қалусарыдан –
Бақыт бұлардан да арылған.
Басынан бақыт ауған күн
Патшалар да ауған тағынан,
Айырылған атақ-бағынан.
Мыңғырған малды байлардың
Қоңсысы кеткен жанынан.
Батырлар да өтті əруақты
Қанжығасы қанға малынған,
Бексауытын жамылған,
Дұшпаннан кегі алынған.
Көрмесе жауын сағынған,
Алмастан қару тағынған.
Қамалға шауып шеп бұзып,
Жүрегін басқан қабынған.
Он сан ноғайлының хандығын
Билігімен басқарып
Орақ, Мамай, Телағыс,
Асанқайғы атам, Қазтуған –
Олар да кеткен шарасыз
Мынау көлденең жатқан Нарыннан.
Асан-қайғы бас болып
Қайғыменен өтсе де,
Нарынды тастап кетсе де –
Құтты жұрт екен бұл қоныс:
Тоқтығы берен іркіттей,
Баққан қойы қара бүркіттей,
Тізбектелген нарының
Дулығасы үйген іскірттей.
Кəрі биесі жал алған,
Нарлары семіз, қом алған,
Кəрі саулығы шайлаған,
Сағызын нандай шайнаған.
Еркек қой мен тоқтысы
Шырынын шөптің «байлаған».
Ерлері бар ед егескен,
Дұшпанымен шенескен.
Аллаға жағып құлығы,
Ұрпақтары көп өскен.
Əруағы күнді жасқардай,
Абыройы асқардай, –
Не жақсымен теңескен.
Үлкен бір іске көшерде
Көшелі қарттай кеңескен.
Ғалымдары болыпты
Құраннан неше хат білген,
Көңілі танып Хақ білген,
Бір Алласын жад білген,
Жаңылмаған тəспі, тəкпірден.
Мырзалары болыпты
Құбарлан ертіп құс салған,
Ылашын, сұңқар ұстаған,
Томағасын əдіптеп,
Мақпалменен тыстаған.
Елеуретіп екі жүйрік жетектеп,
Сулығын алтын бедермен кердірткен,
Жалын сабаутіспен тердірткен.
Жүйріктерін жүйткітіп,
Алысқа сап көрдірткен.
Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен, –
Бұл жетімдерге жем екен,
Жесірлерге кен екен,
Қасерлерге кең екен.
Шөбі малға май болар,
Аш-арыққа жəй болар,
Төрт түлігі сай болар,
Баға білген бай болар –
Қашаннан да бұл қоныс
Құтты болған жер екен.
Өзегі де қайырлы –
Аш-арығы сүйреп жейді екен
Бекіре менен жайынды.
Балқашын орып мал жеген,
Аралас үйрек-қаз жеген,
Малының жақын өрісі,
Құлынның ұзын желісі,
Ағашында піскен алма бар,
Миуалы жемісі.
Еділ мен Жайық, Нарынның
Осылай екен келісі –
Бір Алланың берісі.
Күндердің күні болғанда:
«Орыстар зорлық етер, – деп, –
Жағама қолы жетер, – деп, –
Еңіреп ерлер өтер», – деп,
Асан-қайғы бабамыз
Жерінен безіп сол үшін
Амалсыз тастап кетіпті
Көк Еділ менен Ақ Жайық,
Кең Нарынның қонысын!..
Мынау бір өткен уақиға,
Бұдан да хабар берейін:
Тайшық ханның елі толғанда,
Тай тулап талқан болғанда;
Үш қиянның жеріне
Ормамбет ханның елі тегіс қонғанда;
О да келіп бір күні
Бір құтырған құртқа жолықты.
Ормамбет хан сол күнде
Қайтерін білмей торықты.
Бүлдіруге көп елді
Сол құрт себеп болыпты.
Арша деген ағашқа
Бір бозторғай келіп қоныпты.
Сол ағаштың бойынан
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды,
Көкке қарай зырлайды.
Өзінен зордан қаша алмай,
Жүрегін торғай баса алмай,
Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен торғай тайсалмай.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».