– Ақсақал, мына үлкен тамаққа бата беріңіз, – деп асаба төрде отырған Нүрилә апайдың нағашыcына қолындағы микрофонды ұсынды. Бұл кісіні Медет ақсақал да танитын, ауылдан жиен қызының үйіне жиі келіп тұратын. Елдің бәрі бата естиік деп тына қалды.
От басы, ауыл-аймақ аман болсын,
Тыныштық бәрімізге заман болсын.
Табиғат таусылмастай азық беріп,
Тартулы дастарханың тағам болсын.
Осындай ойын-сауық бола берсін,
Үй іші той-думанға тола берсін.
Ағайын, туған-туыс, жекжаттарым,
Баршасы сау-саламат аман болсын.
Нүрилә, жиен қызым, айналайын,
Өзіңе ғұмыр берсін жаратушым.
Бала-шаға ортасында күліп-ойнап,
Жүре бер, бір Алладан тілейтінім!
Әумин!
Деп, сексен жасқа толған үлкен кісі бетін сипады. Мына тыңдап отырған барша жұрт «Әумин» деп беттерін сипады.
Осы батадан кейін, тойға жиналған барша қауым ас алуға кірісті. Асаба жігіт болса құттықтау сөздерін рет-ретімен сөз сөйлеушілердің аттарын атап, беріп жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл айтып елді риза етті. Жиналған елдің бәрі риза, бәрі көңілді. Тек Медет ағамыз ғана қайда отырғанын, не істеп отырғанын білмейтін тәрізді. Құттықтаушының бір сөзін естісе бір сөзін естімейді. Есіл дерті қарама-қарсы отырған қара-торы әдеміше келгке әйелде. Ойы сан-саққа жүгіріп, көз алдына сонау балалық шағы елестеді.
– Үзіліс, орысша айтқанда антракт жариялаймын! Ал бәріңізді биге шақырамын. Апалар, аталар сіздер де бой жазыңыздар, – деп асаба жігіт барынша тырысып жүр. «Үзіліс» деген сөзді естіп, Медет ақсақал селк ете түсті.
Музыка дегенің бүкіл аймаққа естіліп тұр. Жастар жағы күттірмейді ғой, бәрі билей ала жөнелді. Күлтәй да қалыспай билеп жүр. Қимылы жеңіл, алпыстан асса да дене бітімі қызға бергісіз. Орта бойлы, шашы қысқаша етіп қиылған. Үстіндегі сәнді көйлегі өзіне жарасып тұр, аяғында биік өкшелі туфли. Оны ешкім алпыстан асты деп ойламайды. Шеткерірек тұрған Медет ақсақал одан көзін алмай қарап тұр. Қасына келіп сөйлесуге батпайды.
– Ей, көршім, не ғып тұрсың, әншейінде билеуші едің ғой?! – деп құрдастары тисіп қояды.
– Біздің жас кезіміздегі музыка ойнасын, сонда билеймін, – деп, Медет ақсақал да беріспей тұр.
– Сіздің жастық шағыңыздың билері – чарлистон, твист, танго, вальс қой, қазір қоямыз, – деп, мұны естіп қалған асаба жігіт, музыка қойып отырған жігітке сыбыр ете қалды.
Үні ашық, көңілді әуен ауаны жарып жүйтки жөнелді. Бұл әуен ырғағы үлкеннің де, кішінің де денелерін қимылдатпай қоймады.
– Міне, сен билейтін би, биле – деп, Медет ақсақалды құрдастары ортаға қарай жетелей жөнелді. Медет ақсақал да биші жастардың ішіне қалай сүңгіп кеткенін байқамай қалды. Мұның бәрін бақылап, қарап отырған үлкен кісілер жағы:
– Жарайсың, жарайсың Медетжан! – деп, бір жасап қалды.
– Ең жақсы бишіге сыйлық! – деп, асаба жігіт «биші жігіттің» басына оюланған тақия кигізді.
– Рахмет жігітім, бұрынғы қимылым жоқ әрине, бірақ сонда да болса тырысып бақтым, – деп қалды бұл кісі де.
– Ал, құрметті аналарымыз. Апаларымыз, қыздар деп қояйын, биге шығыңыздар! «Қамажайды» сіздерден артық кім билейді? Кәне, музыка!
«Қамажай» ән-биінің тамылжыған әуені құлаққа жағымды естілді. Тізіліп дайын тұрған әжелер, сонша келмесе де қолдарын «майыстырып», денелерінің икемі болмаса да билеуге тырысты.
– Күлтәй, сен бұл кісілерге қарағанда жассың ғой, кәне, әжелерге қосылып биле, – деп, «бишілерге» қарап тұрған Күлтәй құрбысын, Нүрилә апай ортаға шақырды.
– Е бәсе, билеңіз, тағы қосылатындарыңыз бар ма? – деп, асаба жігіт қояр да қоймай бір-екі үлкен кісілерді ортаға шығарды.
– Ал енді жүн сабаңыздар, оны түтіңіздер, ұршық ұстап жіп иіріңіздер, – деп асаба би қимылдарын «бишілердің» естеріне салып тұр, – шапалақ қайда, шапалақ! «Бишілерді» демеп, шапалақты аямаңыздар!
Қарап тұрған жұрт күліп, шапалақтай бастады.
– Жарайсыздар, әжелер! Міне сіздерге сыйлық! – деп, Нүрилә апайдың қызы әжелердің иықтарына бір-бір жібек орамал жапты.
– Ал енді қазақтың халық биі «Қара жорға!» Бұл биді «Буын биі» деп те атайды, – деп, асаба жігіт жұртты тағы да биге шақырды. Бұл би той-томалақтың сәні болып табылады. Кейіннен қайта жаңғырған осы би кеңінен тарап кетті. Әуелі бала-бақшада да, мектепте де осы биді кеңінен насихаттап үйретеді. Мектептерде таңғы жаттығулардың орнына осы биді билейтін болыпты. Бұл қуантатын жағдай. Сонымен, «Қара жорға болмаса бидің сәні келер ме, бүрмелі көйлек кимесе қыздың сәні келер ме…» деп, би әуені осы тұрғандардың бәрін еліктіріп әкетті. Жасы да, кәрісі де билеп, көңілдері сергіп қалды.
Читать дальше