– Жаңа тізіміңде «Күлтәй деп оқыдың, әкесінің аты кім екен? Баяғыда, бір көршіміздің «Күлтәй» деген қызы бопушы еді, сол емес пе екен? – деп, Медет ақсақалдың дауысы әзер шықты.
– Ә, Күлтәйді айтасың ба? Ол екеуміз кеңес дәуірінің кезінде бірге бір мекемеде қызмет істеп едік, содан бері жақсы араласамыз. Өзі сондай мейірімді жан. Әкесінің есімі Әділжан деген ақсақал болады.
– Ә, Әділжан де, ол кісілер әлі бар ма екен? – деп Медет ақсақал бір қызарып, бір бозарды.
– Күлтәйдің әкесі бұрынырақ қайтыс болды, кейіннен анасы да о дүниеге аттанды, имандары жолдас болсын марқұмдарымның. Сондай тамаша адамдар еді, – деп, Нүрилә апай бетін сипады. Жаңағы Медет ақсақалдың сөзіне аса мән бермей тізімін әрі қарай оқи берді.
– Иманды болсын жарықтықтарым. Ауылда бір көшеде тұрып едік, – деп ақсақал да күбірлеп бетін сипады.
Той мәселесін талқылап болған соң Медет пен Жамал үйлеріне кетті.
– Отағасы, жаңа Нүрилә тәте «Күлтәй» деп оқығанда елең ете түстің ғой. Түріңе қарасам бір бозарып, бір қызарып отыр екенсің. Бірақ үндемедім. Өзің бала кезіңде осыған ғашық болған жоқсың ба? – деп, Жамал апай қалжыңдап күлді.
– Қойшы әрі, сен де неше түрліні айтады екенсің! Одан дағы тезірек үйге барайық, үйде істейтін шаруа көп – деп Медет ақсақал аяқтарын ширағырақ басып өз ауласына кіріп кетті.
Сонымен, той күні де жақындап қалды.
Нүрилә апай балаларымен ақылдасып, тойды өз үйлерінде өткізетін болып шешті. Тойдың болғанынан да боладысы қызық қой, бәрі мәре-сәре болып тойдың қамында жүр. Апайдың ұлдары мен келіндері еңбек демалыстарына шығып аянбай еңбектерін сіңіріп жатыр. Ал ол кісінің қыз-күйеуі тойға екі-үш күн қалғанда келеді.
Медет ақсақал «Күлтәй» деген есімді естігеннен бері Нүрилә замандасымен жеке сөйлесуге зәру болды. «Жә, не де болса тойдан кейін сөйлесейін» деп, өзін сабырлыққа шақырды.
Той ертең деген күннен бастап сырттағы туған-туыстар Нүрилә апайдың үйіне келе бастады. Апайдың үйі үлкен, ауласы кең. Аулада көлеңкесін кең жайған биік-биік ағаштар өсіп тұр. Міне осы ағаштардың көлеңкесіне ұзын-ұзын стөлдер қойылып, дастархан жайып келіндер, көрші келіншектер тыным таппай жүгіріп жүр. Нүрилә апай сырттан келген қонақтарын қарсы алып, көлеңкеде өңгіме-дүкен құрып отыр. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Күн еңкее мал сойылады. Ертең күн жұма, қонақтар түскі үшке шақырылды. «Ертең күн ашық болса екен, жаңбыр жаумай, жел соқпаса екен» деп, Нүрилә апай да, осы отырғандар да іштей тілеп отыр.
Нүрилә апайдың қыз-күйеуі кеше келді, олармен бірге апайдың жиен немерелері де келіп апайды қуантты. Апай бұларды көріп, қуанып бір жасап қалды. Бұдан асқан бақыт бар ма ана үшін!
Той күні де келіп жетті. Балалар болса түрлі-түсті шарларды үрлеп, ағаштардың бұтақтарына іліп, мәз болып жүр. Арасында бір-бірімен жарысып ойнап кетеді. Нүрилә апайдың Талғат немересі басқа немерелеріне қарағанда зерек болып жаралған. Жаңағы ілген шарларға қарап, жайылып тұрған дастарханға қарап, «мұнда бір нәрсе жетіспей тұр, – деп, ойланып тұр. Бір кезде – алақай, таптым!» – деп, қуанып жүгіріп кетті.
– Нені таптың? – деп, басқалары оның артынан жүгірді.
– Апа, апа! Әжемнің отыратын жерін ерекше сәндеуіміз керек шығар? – деп, Талғат өзінің анасының қасына келді.
– Әрине, балапаным, табылған ақыл, «асыл тастан, ақыл жастан» деген нақыл сөз бар емес пе?! Кәне, өздерің ойлап табыңдар, – деп, Талғаттың анасы өз шаруаларымен айналысып кетті.
Ал балалар болса шеткерірек барып, дөңгелене тұра қалды. Олардың не айтып жатқандарына ешкім аса мән бере қоймады. Нүрилә апайдың немерелерінің ересектеуі:
– Таптым! Менің ойымша шарларды тіз қатар іліп, «Әже, туған күніңмен!» деп жазайық.
– Содан соң бір шарға «60» – деген санды жазайық! – деп Талғат та мәз болды.
Сонымен, балалар өз ойларын жүзеге асыруға кірісті. Той басталар кезге бәрі дайын болды. Отырған жұрт, «жарайсыңдар, балалар!» – деп, көңілдері бір жасап қалды.
Той басталар уақытта келіп, қонақтар жиналып болды-ау дегенде, осы қаланың жұртына есімі белгілі болған асаба жігіт қолына домбырасын алып, тойды бастап жіберді. Төрдің алдына, дастарханның басына тойдың иесі болған Нүрилә апайымызды құрметтеп, асаба жігітіміз шығарып салды. Келген қонақтардың бәрі дастархан басына жайғасты. Медет ақсақал да өзіне тиісті орынға барып отырды. Ол іштей қобалжып, жүрегі лүпілдеп, жан-жағына қарап көздерімен Күлтәйді іздеді. «Ол мені таныр ма екен? Мен де бірден тани алар ма екенмін? Дегенмен де елу жылдан астам уақыт өтті ғой. Қандай болды екен менің жарығым?» деп, ой үстінде отыр. Асаба құйқылжытып ән салып, арасында тақпақтап сөйлеп, елге сөз беріп дегендейін, өз жұмысын атқарып жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл сықақтар айтып, елді күлдіріп қояды. Бірақ, мұның бірін де Медет ақсақал естіп отырған жоқ. Ол кісінің есіл дерті Күлтәйді бір көру еді. Өзі не ішіп, не жеп отырғанын да білмейді. Оған қарама-қарсы сәл жоғарырақ, әдеміше келген қара-торы әйел отырды. Күліп-ойнап, жанында отырғандармен жай ғана сөйлесіп, асабаның және орындарынан тұрып өздерінің тілектерін білдіріп жатқандардың сөздерін мқият тыңдап отыр. Қарақаттай екі жанары сол баяғы Күлтәйдің көздері. Бетіндегі, оң жақ көзінің маңайына орналасқан меңі, сол меңі, бәрі «мен Күлтәйіңмін» деп тұрған тәрізді, «бірақ, кімде мең жоқ дейсің,» – деп Медет ақсақал көздерін алмай қарап отыр. «Дауысын естісем танырмын» деп іштей ойлап қояды. Адам ұлғайса да дауысы өзгермейді ғой. Осылайша ойланып-толғанып отырғанда, асаба жігіттің «бата» деген сөзін естіп қалды.
Читать дальше