1 ...6 7 8 10 11 12 ...34 – Тауке, ел арасында дау шығармайық. Екінші орында жетеді. Ат жарысы осымен бітіп жатқан жоқ. Алда талай жарыс болады. Елгелділер аттарының жүйріктігін сонда көрсетер.
– Дұрыс айтасың, Тиес Тойқожа бауырым, бірақ ат жарысы сайын осындай дау болып жатады. Сол қашан тиылды. Ат жарысы ауыл-ру намысы. Сол жағдайды ескеріңдер!
Мына жақтан Телқозы айтты:
– Тауке, менің тойымның сәнін бұзбай, қойыңыз.
Мына сөзден кейін Таубай да басылып қалған еді, бірақ Шоң болмады:
– Ол әділетсіздік болады. Екі атты жеке жарыстыру керек.
– Шырағым, осы сөзің үшін мен бірінші орынды алғандай болып тұрмын, Сенің өмірің енді басталды. Қазақ жүрген жерде әлі талай сан әділетсіздікті көресің. Құдайымыз саған ұзақ өмір берсін. Болайын деп тұрған бала екенсің, -деп Таубай Шоңнын маңдайынан сүйді. Шоң мына сөзге тосылып қалды. Осымен ат жарысының дауы басылған еді,
Таубай, Ашықбай, Байсары, Шоң бар, -бәрі Жәмке жатқан киіз үйге келді. Бала сандырақтап жатыр екен. «Менің атым, нешінші келді» -деп қояды арасында,
– Біреуден қалған жалғыз көз еді, өліп қалмаса жақсы болды, – деді Таубай тәңертеңгі айтқан сөзін қайталап. Аға, жазылып кетеді. Көбеннің көзі қатты тиген ғой. Соған бірнеше рет ұшақтатып жіберіңіздер, -деді қасында отырған емші кемпір.
Тағы Көбенді шақырған. Ол :
– Мен қатты назар аударып жіберген болуым керек. Бұл бала соны көңіліне алып қалған тәрізді, Мен күн батқаннан кейін бірнеше рет, маңдайынан сипаймын. Амандық болса бес-алты күнде тұрып кетеді.
– Олай болса, бөтен ауыл емес ғой, осында қалсын. Біз Көбеннің айтқан уақытында келіп алып кетеміз, -деді Таубай. Қасында кіші баласы Байсарыны қалдырып, өздері ауылға қайтты, Таубай Сапақтардың қылығына ашуланып кеткен,
Шоң Жәмкенің жайын біліп, күніне бірнеше рет келіп жүрді. Жәмкенің домбыра тартып, қиса айтқаны ұнап қалған. Шоң жас болса да адамның жақсы да, жаман да қасиетін байқағыш еді. Мына баланың өнері әсерлендіріп жібергендей еді. Жәмкеде өнердің мол көзі жатқанын аңғарған. Содан ба, көңілі айрыкша түсіп кеткен.
Көбеннің маңдайынан сипауының әсері болды ма, бес-алты күннен кейін Жәмкенің беті бері қарады. Таңертен есік алдында отырған Жәмкені көріп Шоң қуанып қалды. Қасында Көбен мен Байсары отыр екен. Шоң өзі Балқаш жақтағы Алтай-Мойын Алдажұманның қызы Қүмісті көруге баруға дайындалып жатқан еді. Шоң тұрып сұрады,
– Көбеке, сіздің көрегендігіңіз бар ғой, айтыңызшы, менің алатын қызым қандай қыз?
– Қыз мінезінің жақсы-жаманын білмеймін, бірақ екеуіңнің көңілдерің жараспайтын тәрізді…
– Олай болса, нашар қыз болды ғой.
Айтып отырмын ғой, қыздың қандай екенін білмеймін, сары қыз болуы керек. Ал сен қараторыны жақсы көретін тәріздісің.
Көбеннің мына сөзі Шоңның іштегі ойының тура төбесінен түскендей болды. Адам жаратылысымен кірген қасиет те әртүрлі ғой. Ақмола базарынан төрелердің қара торы қыздарын көргендіктен бе, әйтеуір, өзіне де түсініксіз, қара торы қыздарды ұнататын. Соларға құмартатын. Көбеннің дәл айтқанына таң қалып, көңілі түсіп қалғандай болды.
– Сіз оны қайдан білесіз?
– Менің білгір көңілім солай дейді…
Көбеннің ылғи басың бар, көзің бар демей турасын айтатын әдеті бар еді. Мына сөзді естігінде Шоң таңқалды, бірақ ләм қарсы сөз айтқан жоқ. Көбен сөзі көңіліне жаман әсер етті. Кетуге асықты. Әкесі айттырған қызға сырттай ғашық болып жүр еді. Көбеннің мына сөзі соны жоққа шығарып, көңіл күйі қолма-қол өзгеріп жүре берді. Қыз аулына барғысы келмей кетті. Бірақ әкесі айтып отыр. Бару керек, әйтпесе арты үлкен дау болатынын Шоң түсінетін.
Орнынан тұра берген Байсарыға айтқаны:
– Жәмкенің жүрген жері думанды екен, менімен бірге балқаш жаққа барып қайтасын!
– Барса барсын, Ел, жер көреді. Дегенмен, Шоң бауырым, қалай болар екен, үстіндегі киімі нашар,
– Киім табылады. Осында менің киімдерім жетеді. Соны кигіземіз.
Ақыры Байсары Жәмкені қалдырып ауылына қайтып кетті.
Көбеннің сөзі әсер етті ме, Шоң жүрер алдында әкесіне айтқан болатын:
– Осы мен көрмей жатып құда түсіп қойғаныңыз, қалай?
– Алдажұман менімен дос, көңілдес адам. Біраз қалың малды да беріп қойғанмын. Сен ұнатпасаң Жанкелдінің тұқымынан басқа біреу алады. Менің көңілім сен алғанды қалайды. Сен алсаң дұрыс болар еді, -деді.
Телқозының мына сөзінде бір сыр жатыр, ол жаратылысынан керемет сараң болатын. Осы құда түсудің өзінің сыры бар еді. Сонау жылдары Телқозы Алдажұманның қарындасын алмақшы болып, ол өліп қалып, ағасы берген малдарын қайтармаған. Кейін Телқозы басқа жерден екінші әйел алған. Сол қазақ салтымен берген 77 жылқы босқа кеткендей болған. Соны жолыққан сайын есіне салып әкесі де, Телқозы да айта беретін. Кейін бір жолыққанда Алдажұман, кіші қызым өсіп келеді, сендердің тұқымдарыңның біреуіне берейін деп айтқан. Бұл алған қалың малды қайырмаудын жолы болатын. Мына сөзді естіген Телқозы жылдамдатып отыр еді. Теоқозының құлығы да мол болатын. Ертеңгі күні уақытында бармасаң басқа біреуден қалың алып, қызын біреуге ұзатып жіберетінін біліп отыр. Онда қалың мал далаға кеткені. Сондықтан сырттай қыздың басын Шоңға байлауы етіп қойған.
Читать дальше