– Сіздерде тауық еті қосылған мәнпаси бар ма? – деді.
Аспазшы көмекшілерімен сыбырласа кетті. Бес минуттан кейін түрлі-түсті ғажайып кәмпиттер де пайда болды. Даниял кәмпиттің бесеуін бірден аузына, біразын өз қалтасына, басым бөлігін Айдың қалталарына бөліп салды.
Кенет анасының «Даниял, Даниял» деп шақырған дауысы шығады. Ояна салып, анасына тоңазытқыштағы сиқырлы қала мен Ай туралы айтып беруге асығып, жүгіре жөнеледі.
Даниялдың әңгімесін қызыға тыңдаған анасы күлімсіреп:
– Әй, ертегішім менің, бар, ас үйге жүгір, сені бір қыз бала күтіп отыр. Бұны ести сала «Мүмкін, ол – Ай шығар?» деп, Даниял ас үйге асықты.
Дастархан басында Айдың әкесіне әлденені көтеріңкі көңілмен әңгімелеп отырғанын көрді.
Үстел үстіндегі кәмпит салғышта сиқырлы қаланың ғажап кәмпиттері толып тұр. Даниял өзін сондай бақытты сезінді. Себебі, оның бар арманы орындалды, ең бастысы – Ай көңілді еді.
Алып Жеміс-Жидектер ғаламшары

Ол күні Даниял достарымен өзенде шомылды. Олар арлы-берлі жүзіп, тоқтаусыз сүңгіп, биіктен секіріп, күні бойы судан шықпады… Тамағына суық тиіп, ауырып қалған Ай ғана достарымен бірге бара алмай қалды.
Әбден шаршаған Даниял үйге келіп, жұмсақ төсегіне жайғасып, көзін жұмды.
Тылсым сырға толы «Бір-екі-үш – сиқырлы күш!» деген сөздерді естігені сол еді, Даниял ылғи жарқыраған аспаптарға толы бір бөлменің ішіне тап болды. Бұл не, ол қай жерде – ешнәрсе де белгісіз.

Үлкен басқару құрылғысында жанып тұрған қызыл түймешікті көріп, баса қойып еді, алдынан ғаламшар жүйесінің картасы шыға келді. Сонда ғана Даниял өзінің ғарыш кемесінің ішінде екенін білді. Ғаламшарлардың атауын ол «Ғаламшар ойынынан» жатқа білетін. Даниял басқару тетігін өзіне қарай қозғалтты. Таңғаларлық оқиға басталды да кетті, кеме баланың дегеніне көніп, қалықтап ұша жөнелді.
Қалың әйнекті терезенің сыртындағы көрініске Даниял сүйсіне қарап, тамашалай бастады: оңынан да, солынан да түрлі-түсті оттар көрінеді, алдында тылсым сыр түйген түнгі аспан, көздің жауын алған жұлдыздар. Жұлдыздар арасымен біраз ұшқаннан кейін Даниял ғарыш картасын ашып қарап, өзінің Алпауыт Жемістер мен Көкөністер ғаламшарына жақындап қалғанын байқайды.

Ғаламшарға көзді ашып-жұмғанша жеткен Даниял жылтыр тұтас киім киген ергежейлі адамдарды көрді. Әлгі ергежейлілер тікұшаққа мініп алып, биіктен көкөністер мен жемістерді суарып жүр екен.
Қарбыздарының көлемі машинамен бірдей. Бір топ адам бір қарбызды тікұшақ алаңына әрең жеткізіп, үлкен торға салып, ұшаққа байлап қойды. Даниял тікұшқыштарды тиісті орындарына бағыттап, жалау ұстап тұрған адамды байқады.

Алыстағы тау-тау боп үйілген қарбыздарға назары ауды. Даниял дүрбіні алып, бірнеше адамның көтергіш кранға бекітілген пышақпен бір қарбызды кесіп жатқанын көрді. Міне, қызық, қарбыздың іші сары, ал дәндері қызыл.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».
Прочитайте эту книгу целиком, на ЛитРес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.