Үшеуі жатқан-жатқан жерлерінде естерін әрең жиып, «Жар бол, жасаған ием!» деп орындарынан тұрып, бір-бірін сүйемелдеп, келген жақтарына сүйретіліп кете барды.
Ай жарығындағы оқиға
Бір күні Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт үшеуі түн жамылып тағы да жорыққа шықты. Ай жарығында жықпыл-жықпылдың арасымен келе жатты.
– Ай жарығындағы ұрлығымыз сәтті болсын деп тілейік, – деді Шибұт жол бастап келе жатып.
– «Мен ұрлыққа шыққанда ай жарық болды» депті ғой біреу, – деді Қылкеңірдек ренжіп. – Ал біз ұрлыққа жиналғанда, ай жарығы еш нәрсе емес, мына Жарекеңнің жарғақ басы айға шағылысып келе жатқанын қарашы!
– Басы жылтырағанын қайтейін, – деді Шибұт. – Аяқ астымыз түк көрінбейді. Мына алдымызда терең өзекше бар сияқты еді. Абайлаңдар, түсіп кетпейік. Әй, Жареке, басыңды еңкейтші!
– Неге еңкейтеді екем?
– Басыңның жарығымен жер бедерін қарап алайық. Шұңқырға құлап кетпейік деген сақтығымыз ғой.
– Әп, бәрекелді, осылай пайдаңды тигізсейші!
– Әне, айттым ғой өзекше бар деп. Жареке, сен осылай жарығыңды түсіріп тұр. Біз Қылекең екеуіміз арғы бетіне өтіп алайық. Ал, Қылеке, секір!
Қылкеңірдек өзекшеден қарғып өтеді.
– Әуп! Секірдім, ал өзің.
– Әуп!
– Ал, Жареке, енді сенің кезегің. Кәне, бері жүре түс. Кәне, тағы, тағы…
Кенет «гүрс» етіп құлаған дыбыс естіледі. Артынша:
– Уа-а-ай! – деп ауырсынған даусы шықты Жарғақбастың.
Қылкеңірдек пен Шибұт үрейленіп, бастарын еңкейтіп, өзекше түбіне қарайды.
– Әйтеуір тірісің бе? – деді Қылкеңірдек. – Қалайша түсіп кеттің?
– Өздерің ғой, «тағы, тағы жүре түс» деп қоймаған!
– Басыңның жарық-сәулесі аяқ астыңа түспесе, біз кінәліміз бе?
– «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген рас екен-ау! Кәне, қолыңды әкел.
Екеуі Жарғақбасты шұңқырдан тартып шығарады. Жарғақбас үсті-басын қағады да, үшеуі сапарларын қайта жалғастырады.
– Сендер «Ай жарығында, ай жарығында» дейсіңдер. Ай қараңғысындағы ұрлықты да жетістіріп пе едіңдер, – деді Жарғақбас.
– Қандай «ай қараңғысындағы ұрлық»?
– Естеріңде ме, өткен күзде Байдалы байдың соғымын үптеп кеткенімізде…
Айсыз қараңғы түннің бірінде олар байдың етханасына жасырынып кіреді. Арқанға іліп кептіріп қойған соғым етті екі қапқа сықап салып, сарай артынан сыртқа жылыстайды. Көшеден бір есек ұстап, екі қап етті теңдеп есекке артып, үшеуі жолсызбен ауыл сыртына шығады. Олар жолда «Әй, кім бар, көмектесіңдер!» деген бір әйелдің жалынышты даусын естиді. «Бір қуіпті жағдайға ұшыраған да, кім болса да көмектесіп, сауабын алайық» деп дауыс шыққан тұсқа келсе, бір кемпір екен.
– Әй, қарақтарым, жаутаңкөз шырақтарым, маған қолқабыс беріңдер. Қараңғыда есегім сүрініп кетіп, мына бір қапты аударып алғаным. Шашылған тезекті жинасып жіберіңдерші, айналайындар, – дейді ол.
Үшеуі құрақ ұшып келіп, кемпірдің тезектерін жинасып, қапқа қайта салады.
– Ой, өркендерің өскірлер, енді бұл қапты есекке артысып жіберіңдер. Әйтпесе менің шамам келмейді.
– Қазір, шешей, мен есекті әкелейін, – деп Шибұт қараңғылыққа сүңгіп кетіп, екі есекті ноқта жібінен ұстап әкеледі. – Шешей, мыналардың қайсысы сіздікі, айыра аласыз ба? Екеуіне де қап тиелген екен.
– Құлағын ұстап көр. Менің есегімнің оң құлағы кесілген.
Шибұт есектің біреуінің құлағын сипап көреді:
– Ә, мынаусы екен! Жареке, Қылеке, сендер де ұстап көріңдерші, мен жаңылысқан жоқпын ба?
Олар да есектің құлағын сипап шығады.
– Дәл осы!
Үшеуі кемпірдің қабын есектің арқасына артып, оны кемпір берген арқанмен орап байлайды.
– Ал, шешей, енді сүрінбей, жығылмай, жолда абай болып, үйіңізге аман-есен жетіңіз.
– Әй, арыстарым-ай, алла разы болсын! Сендер болмасаңдар қайтер едім, тілеуіңді бергірлер. Екі дүниенің қызығын көріңдер! Жолдарыңа нұр жаусын!
– Арзымайды, шешей.
Олар кемпірді қараңғылыққа сүңгіп кеткенше шығарып салып, өздері де есектерін жетектеп, жөндеріне кетеді.
Үйлеріне жеткен соң, есекті қора алдына байлап, алдына шөп салды да, өздері қапты алып, үйлеріне тартты. Шаршап келген үшеуі қаптарды үйдің кіре беріс дәлізіне қалдырды да, үшеуі төсектеріне сұлай-сұлай түсіп, ұйқыға кетті.
Таңертең ерте тұрған Шибұт екі серігін жұлқылап оятты.
– О, тоба, ұйқы берші!
– Астыңнан су шықты ма, не болды?!
Читать дальше