«Барсакелмес – Қазақстанда осы аттас сор да, арал да („Барссакелмес“ қорығы – К.О.) бар. Сондай-ақ ертегілерде бұл жер атауы жиі ұшырасады. Барсакелмес – өмір сүруге мүмкін болмайтын, адам өміріне қауіпті немесе өте алыста орналасқан жерлердің жалпы образдық баламасы. Күнделікті тілімізде алысқа, ұзақ сапарға кеткен адамды әзілдеп, „Барсакелмеске кетті“ дейтініміз де сондықтан». ( С. Қондыбаев. 9. 6.10.99.)
Бұл сөз тіркесін кейде қаза болған адамға қаратып та айтады .
БАРСАҢ СЫМБЫЛ ДА ЖОҚ
«Сымбыл – сырғауыл. Сырғауылдан айырмасы, жіңішке және кәсіпке ыңғайлап дайындаған ағаш. Көбіне уық жасауға ыңғайлап, жас беректерін, бостандарын қырқып, сопа басын ғана қалдырған үш-төрт жылғы бұтақ. Берек, бостан – ағаш бұтағы, үрімі. Көбіне теректің, қарағайдың бостаны делінеді. Талдың бұтағы, тобылғының, алманың берегі дейді қазақ. Бұл күндері бостан да, берек те, үрім де ұмытылып, тілімізде жалғыз қалып барады. Терек осал ағаш, оның бұтағының бостан аталуы да, бәлкім, сондықтан болар. «Бостаны бар-ды теректің, болаты бар-ды беректің» (Шалкиіз).
Терек пен кегейдің қай түрі болса да мұндай кәсіби шаруашылыққа жарамайды. Сымбылдың сымбалдан айырмасы жалғыз ағаштығы. «Барсаң сымбыл да жоқ» деген осыдан қалған». (Б. Қыдырбекұлы, 69.89-б.).
Бұл мәтел кейде «Барсаң бақыр да жоқ» деп айтылады. Барсаң түк жоқ деген мағынаны береді.
*Балқан, Балқан…» тақырыпшасын қараңыз.
.
БАТА
«Тіліміздегі «бата» сөзінің араб тіліне де, ислам дініне де қатысы жоқ. Кейбір зерттеушілеріміз бұл сөзді Құранның «фатиха» атты бірінші сүресінің қазақшаланған түрі дейді. Бұлай деудің мағыналық тұрғыдан да, дыбыстық өзгеру заңдылығы тұрғысынан да қисыны келмейді. Байырғы араб тілінде «фатиха» – «кітап ашар», «сөз басы», «Құранның негізі» деген мағына береді. Ал қазақ тіліндегі «бата» сөзінің мағынасы мүлде бөлек.
Батаны әдетте қарт адам, үлкен орындағы адам, жолы үлкен адам береді. Мұның өзі бата берудің ислам дініндегі рәсім-қалыбынан гөрі, көшпелілердің Тәңірілік наным-сеніммен туындаған дәстүріне жуықтау. Аруаққа сыйыну, аруақтың назасына ұшырамау, сол үшін тілек айту, ол тілекті сол аруақты орындағы адамның айтуы көшпелілердің байырғы кісілік қалыбының дәстүрі екені айқын. Мұның дәлелін өзгеден емес, сол «бата» сөзінің тіліміздегі қолданысынан байқауға болады: бата, батагөй, батагөйлік, батадай, баталас, баталастыру, баталасу, баталы, батасыз, баташыл, теріс бата т. б. Міне осы ұғымдарды «фатиха» сөзімен шендестіріп қолданудың қисыны жоқ. Мәселен, «фатихалас» («баталас»), «фатихаласу» («баталасу»), «фатихадай» («батадай») деген тіркес-ұғым ислам қалыбына мүлде жат…
Демек, байырғы салт-дәстүрімізді, кісілік қалыптарымызды қит етсе болды ислам дінінің қанжығасына бөктере салу, түптен келгенде, өзімізді өзіміз жабайы етіп, тексіз, дәстүрсіз етіп көрсетудің бір түрі болып шығады. Тәңірілік наным-сенім өзге діндерге қарағанда өмір-дегі моральдық-этикалық дегдарлығымен, әлеуметтік-экологиялық өмірмен үндес демократиялық сипатымен ерекшелінеді. Біздің халықтың рухани болмысы ғасырлар бойы осындай үрдіс негізінде тәрбиеленген». (А. Сейдімбек, 94. 87-88-б.)
Бата сөздің ислам дініне дейін де халық дәстүрінде болғанын фольклоршы ғалым С. Нагимовтың келтірген мына дерегі де растай түседі: «Бата сөз тек қазақ жұртында ғана емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманда дәстүрге, салтқа айналған. Бурят елі мұны «юролы», ал алтайлықтарда «алқышы» немесе «алқыш сос», монғолша «еролы» деп аталады…
Монғол халқының салт, жорасында, атап айтсақ, киіз басу, жүн өңдеу, аңға шығу, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, некелесу, отау тігіп, шаңырақ көтеру, жаңа құрылған киіз үйді жабдықтау – бата сөзсіз өтпейді екен…
«Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы:
Асқар таудай алып бол,
Атпақ күндей жарық бол, —
деген жолдар да жақсы лебізге, ізгі сезімге толы». «Ақ бата», «Жазушы», 1992ж., 7б.
Жоғарыда аталған халықтардың бәрі қазақтармен көнеден келе жатқан қоныстас, көршілес елдер. Соған қарамай олардың діндері исламға жуықтамайды: буряттар мен монғолдар – будда, лама дінінде, алтайлықтар – христиан. Ал, «Монғолдың құпия шежіресі» – ислам дінінің «иісі мұрнына бармаған» Шыңғысхан, шаманизм заманындағы кітап.
Ал, бата, тілек – бәрінде ортақ. Ендеше, бата, тілектің негізі қайда жатыр ?
БАТЫР БІР ОҚТЫҚ, БАЙ БІР ЖҰТТЫҚ
«Қой шаруашылығында, жалпы мал шаруашылығында ең қиын, қауіпті кезең қыс кезеңі, оның ең қатерлісі – жұт деген жағдай. Қар қалың түсіп, арты жаңбырға айналып, соңынан күн суытып кетсе, қардың беті мұз болып қатып қалады. Қой өз бетімен жайыла алмайды да, аштыққа ұшырайды. Бұл жағдайда әуелі жылқыны жаяды, оның тұяғы мықты, қарды бұзып, ол жеңіл жұтқа қиналмайды. Жылқының соңынан қойды жаяды, сөйтіп, малды қыстан аман алып шығады. Бірақ аяз қатты болса, бұл амал да жарамайды. Онда көшуге тура келеді. Егер көшіп, шөбі мол жерге жетсе, ол жақсы. Ал оған шама келмей, жұт ауыр болса, қазақтың малы жұттың құрбаны болады. Мыңғырған байлар барлық малдан айырылып, жалшылыққа жалданып кететін жағдайлар кездескен. „Батыр бір оқтық, бай бір жұттық“ деген мақал осыдан туған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.).
Читать дальше