Ал енді эмоциялар әлемін еске түсірейік. Алдыңғы тарауларда біз «бейтараптық» деген деңгейі бар эмоциялар шкаласын қарастырдық. Енді сіз бұл бейтараптықтан жоғары, негізінен, дамыту қызметі жұмыс істейтінін есте сақтауыңыз керек. Егер адамның эмоциясы осы деңгейден төмен болса, онда оның қауіпсіздік қызметі белсенді жұмыс істейді.
Басқаша айтқанда, барлық жағымсыз эмоциялар қауіпсіздік қызметіне тән. Позитивті және бейтарап эмоциялар дамыту қызметіне ғана тән. Енді қауіпсіздік пен дамыту қызметтері туралы осы теорияны оқығаннан кейін, кейбіреулеріңіз: «Қауіпсіздік қызметі пайдалы ғой. Ол бізді қауіп-қатерден қорғайтын болса, оған неге тиісу керек?» деп ойлаған боларсыздар.
Сондықтан, бұл жерде тағы да нақтылап айтуым керек жайт – қауіпсіздік қызметінің проблемасы, оның барлық командаларды асырып, тым турашылдықпен орындауында және кейде жақсы мен жаманды шатастыратындығында болып тұр. Қауіпсіздік қызметі тек ақ пен қараны көреді, басқа көптеген түстер мен реңктерді ажыратпайды.
Егер адамды оның қауіпсіздік қызметі тым көп басқаратын болса, ол не қылмыскерге, не суицид жасаушыға, не психикалық науқасқа айналады. Қауіпсіздік қызметінің ықпалы аз болса, адам өнерлі, көңілді де жайдарлы, бақытты, табанды да жауапты болады. Сонымен қатар ол сақ әрі қырағы болады, бірақ бұл сақтықты ақымақ қауіпсіздік қызметі емес, ақылдырақ дамыту қызметі басқарады. Сондықтан, егер ол болашақта сұр қасқырдан қорқатын болса, ол сұр пальто, сұр ит пен сұр көліктен емес, сұр қасқырдың өзінен қорқатын болады, түсінесіз бе?
Бақытқа қол жеткізгіңіз келсе, мұрныңыздың дәл алдында тұрған осы бақытты көрсеңіз болғаны. Егер сіз оны көрмесеңіз, оның жалғыз себебі – сіздің қауіпсіздік қызмет тобыңыз. Дәл осы топ сізді бақытсыз, ақымақ және соқыр етеді. Сізге қауіп төніп тұрғанын сыбырлап, бақытты болуыңызға жол бермейтін де сол.
Бақыт Тибетте емес. Бақыт басқа елде емес. Бақыт басқа адамда емес. Бақыт басқа әрекеттерде емес. Өз пәтеріңізде тұрып, дәретхана тазалап жүрсеңіз де шынайы бақытты бола аласыз, тек ол үшін түпсансңызда қауіпсіздік қызметін тоқтату керек. Егер қауіпсіздік қызметі бар қуатымен жұмыс істеп тұрса, сіз ең керемет адаммен бірге болсаңыз да, әлемдегі ең жақсы қонақ үйде тұрып, ең жақсы мейрамханада тамақтансаңыз да, бақытсыз боласыз.
Сонда осы зиянды қауіпсіздік қызметімен не істеу керек? Оның зиянды әсерін қалай жоюға болады?
Жауабы қарапайым – онымен жұмыс жасай білу керек. Келіссөздер жүргізіп, қарым-қатынас жасай отыра, оны ақылдырақ етіп, осылайша бірте-бірте одан билікті алып, оны дамыту қызметіне тапсыру керек. Біз дәл осы істермен айналысатын боламыз. Осы әдісті қолдана отырып біз сізді бақыттырақ, күштірек және дана етеміз.
Енді үшінші векторға көшейік. Бұл – біздің есте қалған бейнелеріміз.
1.8 тарау. «Е» ВЕКТОРЫ – Жадымызды жаман бейнелерден қалай тазартуға болады?
Біз пейнхантингтің екі векторын қарастырдық. Бұл эмоциялар мен ойлар. Сіз олардың бір-бірімен байланысты екенін анық түсіндіңіз. Сондай-ақ эмоцияларымыз шкала бойынша жоғары деңгейде болған кезде, ойларымыз дана әрі адекватты болатынын түсіндіңіз. Керісінше, эмоцияларымыз шкаланың төменгі жағында болғанда, ойларымыз ақымақ та қисынсыз болады.
Ал жадымызда ше, шкала бойынша көтерілгенде не төмендегенде, не болады?
Балалық шағы бақытты өтсе де, кейбір адамдардың 40 жасына таман, өмірінде болған бар қуанышын ұмытып, тек жаман бейнелерді ғана есте сақтайтыны туралы айтқан едік. Алайда бұл адамдардың өзімен бір ортада, бір уақытта өмір сүрсе де, тек жақсы бейнелерді ғана есінде сақтайтын жақын туыстары не достары да бар ғой.
Яғни, олар бірдей нәрсені көреді, бірдей эмоциялар мен сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ біреуі тек жаманды, ал екіншісі тек жақсыны ғана есте сақтайды. Бұл не нәрсеге байланысты?
Мұнда бір қарапайым механизм бар. Біз эмоциялар шкаласы бойынша неғұрлым жоғары тұрсақ, бейнелеріміз соғұрлым жарқын болады. Әдетте, апатиядағы адам дүниені мұңды және бос, мәнсіз етіп көреді. Ал шкала бойынша жоғарыда тұрған кезде, ол әлемді өте жарық та жарқын етіп елестетеді.
Сондықтан да, егер өмірім тозаққа айналған, есімде бірде-бір жарқын естелік жоқ деген адамды кезіктірсеңіз, оның сөзіне сенбеңіз және айтқандарын тікелей мағынада қабылдамаңыз. Егер ол тозақта өмір сүріп жатырмын деп ойласа, онда ол қазіргі уақытта шкала бойынша өте төменде тұр, бары осы. Егер оның бейнелерін пейнхантингтің көмегімен түрлендірсеңіз, ол бақытқа, еркіндік мен қуанышқа толы мүлде басқа әлемді көре бастайды.
Читать дальше