1 ...8 9 10 12 13 14 ...30 1 Кесте. Эмоция шкаласы (Дэвид Хокинстың сана-сезім картасы)
Тағы мынадай қорытынды жасауға болады – азап шегу мен жағымсыз бейнелер неғұрлым көп болса, эмоцияңыз соғұрлым төмендейді. Керісінше, бақыт пен позитивті бейнелер көп болған сайын, сіз осы шкала бойынша жоғары деңгейге көтеріле бересіз.
Кейінгі тарауларда біз осы жағдайлардың кейбірін толығырақ қарастырамыз. Ал әзірге бақыт деңгейіміз осы шкаланың қай деңгейінде тұрғанымызға тікелей байланысты екенін түсіну жеткілікті.
Түсінуіміз керек келесі жайт – негізі біз осы шкаланың айтарлықтай жоғары деңгейіндегі күйінде дүниеге келеміз, бірақ уақыт өте келе өмірдегі жағдайлар, сол деңгейімізден бізді түсіре бастайды. Қарапайым тілмен айтқанда, санамыздағы жарқын бейнелерді жоғалтқанда, біз осы шкаламен төмен түсеміз, ал жарқын бейнелер орнап не оларды жасағанда жоғары көтерілеміз.
Алдыңғы тараудағы кішкентай қыз туралы мысалды алайық. Мен сізге айтылған теорияны түсінуіңіз үшін осы мысалды кестеге қарап талқылауды ұсынамын. Кішкентай қыз қабырғаға сурет салғанда, қуаныш пен гармония не махаббат күйінде болған шығар. Бұл шкала бойынша айтарлықтай жоғары деңгей. Анасы дауыс көтергенде, қыз ақыл деген деңгейге түсіп, не болып жатқанын талдай бастады. Содан кейін, анасы оны басынан ұрғанда, бала тағы бір-екі деңгейге, мүмкін «бейтараптыққа» дейін төмендеген болар. Анасының «ақымақсың» деген сөзінен кейін, бала ашу күйіне тағы төмен түседі. Ал анасы бұйрықпен: «Енді қайтып бұл қабырғаға тиісуші болма» дегенде, қыздың эмоциясы қорқынышқа түсіп кетеді. Ал фломастерді қолынан алып қойғанда, бала мұңаюға дейін төмендеп, жылай бастайды…
Егер анасы мұнымен шектелмей, тұсқағазды бүлдіргенін айтып қызын кінәлай бастаса, баланың эмоциясы шкала бойынша одан сайын, апатияға дейін, кейін өз-өзін кіналауға дейін төмендеп кетеді. Ал әрі қарай, ұятқа қалуға дейін барады.
Бір сөзбен айтқанда, өмірдің әрбір «соққысы» бізді осы шкала бойынша төмендетеді, сондықтан жан дүниесі өте жоғары деңгейде дүниеге келген бала, уақыт өте келе сол деңгейден төмендей береді және біртіндеп қартайған шағына дейін апатияға, сарыуайымға, кінә мен ұятқа дейін төмен түсіп кетеді.
Енді басқа мысалды көрейік. Бұл мысалдағы адам шкала бойынша керісінше, төменнен жоғары көтеріледі. Бала өте бақытсыз отбасында және әл-ауқаты төмен жерде өмір сүрді делік, сондықтан ол мектепті бітірген кезде ұятқа қалу деңгейінде болады. 17 жасында ол басқа қалаға оқуға кетеді, онда ол мүлде басқа әлемді, өркениетті қоғам мен мәдениетті адамдарды көреді, бұл оның осы шкаламен біртіндеп көтерілуіне септігін тигізеді. Ол қуаныш пен махаббат күйіне бірден көтерілмейді. Алдымен ол туған қаласында бауырлары қиындық көріп жүрген кезде өзінің осындай еркін өмірге аяқ басқанына өзін кінәлі сезінеді. Бір күні ол таныс-достарына қарап, өз өмірі олардыкіндей мағыналы емес екенін түсініп, апатияға дейін көтеріледі. Егер оның жақсы достары, дана мұғалімдері болатын болса, онда ол бір күні өзгелерге өмірі қаншалықты қиын екенін айтып шағымдана бастайды. Егер ол алғашқы жақсы бағаларын алса, университетте жақсы атқа ие болса, алғашқы махаббатын кездестірсе, алғашқы шәкіртақысын алса, ол біртіндеп осы шкаламен көтеріле бастайды да, мүмкін бір күні ақыл-ой, махаббат пен қуаныш деңгейіне жетеді.
Бірақ, өкінішке орай, өмірде бәрі де оңайлықпен бола қоймайды. Өйткені біздің ақыл-санамыз осы шкала бойынша төмен түсіп кетуі оңай, ал көтерілуі қиын болатындай етіп қалыптасқан!
Мысалы, жақсы жаңалықтар әдетте бізді қысқа уақытқа ғана осы шкаламен көтереді, бірақ жаман жаңалықтар бізді «құлатып», ұзақ уақыт төменгі эмоцияда қалдыруы мүмкін. Осы себептен де дүниеде қайғы-қасірет пен ауру көп.
Қуанышымызға орай, мұның түсінікті себептері бар. Алда қалған векторлардың (ойлар, дене, есте сақтау) механизмдерін қарастыратын боламыз, сонда неліктен түпсанамыздың осындай тұзағында екенімізді және бұл тұзақтың табиғаты қандай екенін жақсырақ түсінесіз. Ең бастысы, өмірдегі жағдайлар сізге бірнеше ауыр соққы беріп, сізді эмоциялар шкаласының төмен деңгейіне дейін «шегелеп тастағанына» қарамастан, сіз осы заңның әділетсіздігімен күресуді және тез арада өз-өзіңізді қайта қалпына келтіруді үйренесіз.
Алдымен біз эмоциялармен байланысты бірнеше нюанстарды қарастыруымыз керек. Бұл эмоциялар шкаласында шатастыратын жайттар көп болғандықтан, оның мән-жайын анықтап алуымыз керек.
Читать дальше