Егер бәрі осылай болса, онда қайран Рашид аға өзінен кейінгі жас толқын шыққан тектерін білмей кетпесін деп істеп жүрген өзге тірліктерімен қатар рухани азық боларлық өмірдің бұл жағын да ұмытпай қағазға түсіріп кеткісі келген екен ғой деп ойлаймыз. Аллаһ-тағалапешенеге жазса, қандай іс болмасын түбі болмай қоймайды ғой. Ағамыз бен көкеміздің әулет шежіресін кітап құсатып қалдырғысы келген сол кездегі үкілі үміттерін, әлхамду лиллах,құдай қаласа бүгіндері біз шындыққа айналдырып, жүзеге асырсақ деп отырмыз.
Ақиқат қашанда біреу емес пе, жазбаларын өз шежіремізбен салыстыра қараған кезімізде пәлендей бір үлкен айырмашылық таба алмадық. Дегенмен, біз үшін оның құндылығы жоқ емес. Мәселен, Сабыр ата ұрпақтарын біршама кеңірек таратыпты. Ал Дабыл ата жөнінде де аздап болса да мәліметтер береді. Сосын арамызда жүрген ұрпақтары кезінде жас болғасын ба жадыларынан шығарып алған кейбір аталарымыз мен олардың азан шақырып қойған есімдерін беріп кетеді. Біз оларды қайта жаңғыртып, түлетіп, қағазға түсірдік. Мысалы, Мәниден тарайтын Сәдуақас атамыздың Сахи есімді інісі болғандығы туралы Үрия әпкеміздің әңгімесінен талай құлаққағыс естісек те, онымызды Сапарбек ағамыз пәлендей мақұлдай қоймағасын қойғанбыз. Бірақ қолымызға түскен осы, соңғы шежіреден оның тасқа таңба басқандай етіліп, өрнектеліп жазылған атын тауып алдық. Сонымен қатар, одан Сәдуақас атамыздың Сахидан бөлек Сәби, Әлиакбар деген ағалары болғандығын да зерделеп отырмыз. Сол сияқты Шәдек ағамыздың азан шақырып қойған есімі Шадықұл екендігін де енді оқып, білдік. Әйтпесе "Шәдек" сөзінің қай тілден алынғанын қанша сарқыла сараптасақ та анықтай алмағанбыз. Шәдек, Сапарбек ағаларымыз Сәдуақастан туылса, Садық пен Мәлік ағаларымыз Сәби атамыздан өрбитін ұландар екендігін де осыннан оқып, зейіндедік.
Ал шежіреміздің 19,20,21 бөлімдеріндеқазақ халқының тең жартысына жуығын алып кеткен, ел тарихының қайғы-қасіретке толы қаралы беттері деп саналатын 1928–1932жылдары орын алған кәмпеске мен ашаршылық жайлы қилы-қилы оқиғалар мен олардың жұрт өміріне салып кеткен қанды іздері туралы әулет өмірімен сабақтастыра баяндадық. Бұлардың көбін Үрия әпкеміздің аузынан жазып алдық. Сонымен шежіреміз 2 тарау, 37 бөлімнентұрады. 1 тараубөлімдері, көріп отырсыздар, негізінен шежіренің теориялық жағын қамтыса, ал 2 тараубөлімдері бабалар өмірінен алынған естелік-эссе түрінде жазылды. Аталықтар мен ұрпақтарды тарқату кестелерін әңгіме барысына орай екі тарауға бөліп емес, топтап беруге тура келді.
Үрия әпкемізден өзге әулет тарихын жетік білетін жан қазір арамызда қалған жоқ. Ал әулет тарихы қағазға түспегесін бүгінгі біздер үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де ұмыт қалар дүние екендігі анық. Содан болар осындағы бірді-екілі бауырларымыз: "Тәке, білгеніңізді жазып қалдырып кету сіз үшін әрі парыз, әрі қарыз іс. Егер оны бүгін сіз жазып қалдырмасаңыз, ертеңгі ұрпақ оны кімнен естіп, кімнен сұрап, біліп жатпақ" ,– деп әбігерлері кеткені рас.
Бұлай дейтіндері орынды-ақ. Күнделікті араласып жүрген ағайындардың қайсысының кімнен тарайтындығын, олармен ара қашықтығымыздың алыс, жақындығын дұрыс айыра білгіміз келген қарабайыр қарақан басымыздың жайын ойлап ғана емес, бүгін болмаса да ертең арамызға келер әулет тарихын әу басынан жете оқып, зерттеп білгісі келер көзі қарақты, білімгер немере, шөбере, шөпшектер тұрқын ойлап жазып отырмыз. Өйткені араларынан: "Аталарымыз кілең оқыған, сауатты адамдар болғанымен қайдан өрбіп, қалай тарқап, тарайтындығымыз жөнінде жетемізге жетердей жеткізе айтып, ештеңе жазып кетпегендері несі?" , –дейтіндері табылып жатса бізге серт емес пе? Білгілері келгенін біле алмаған олар үшін мұның арты өзекті өртер өкінішті жайға әкелері ақиқат. Сондықтан мұның бәрін жазып, қалдырып кету үшін Аллаһниетімізге қарай Үриядай әпке беріп, оның өмір жасын ұзақ қылып қойғандығына шүкір дейміз.
Бұларды келер ұрпақ үшін дейміз ғой, ал бүгінгі ұрпақ үшін дер болсақ, тым аз болмаса да, тым мол болмаса да, бірақ біраз айтар дүниесі бар түпнұсқалар мен тарихи, шежіре кітаптарды олар қай кітапхананың қай есігін ашып, оның қай сөрелерінен уақыттарын сарп етіп іздеп жатпақ? Одан да алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап, іздегендерін осы кітап ішінен беттерін әрлі-берлі аударыстырып отырып-ақ оп-оңай тауып алмай ма дегеніміз ғой.
Сосын құдайға шүкір, немере, жиендер қазір бәрмізде баршылық ғой, кездесе қалғанда бұлар кімдер, қайсысы кімнен өрбіп, қалай тарайды деп жатпай аттарын сұрап-біліп алсақ болғаны, қалғанын осы кітаптан-ақ ақтарыстырып, тауып алуымызға болады. Өйткені соларға қатысты деректерді де қамти жазуға тырыстық.
Читать дальше
Конец ознакомительного отрывка
Купить книгу