«Алтайжан, – деді Сұлу оған қарап, –
Қарақат қара көзін тура қадап, –
Қыздың көрген қызығы бес-ақ күндік,
Мұндай дəурен басымнан өтеді əлі-ақ.
Міне мен он жетіге аяқ бастым,
Бұл өмір жиырмаға жетсе сол-ақ.
Өз алтын босағаңды аттаған соң,
Өмірге болғаның жай күйсіз қонақ.
Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді.
Құда түсіп айттырды бір жер дүмді,
Атастырған адамның теңі емеспін,
Сұрастырып ғашығың жаңа білді.
Өмірімде жар емес, жалын құшып.
Өткізбекпін құсамен көрер күнді,
Соны саған естіртпек болып бүгін,
Əдей келдім, төккелі іште мұңды!..»
Есіне түсіп барлық дос пен қасы,
Сұлудың мөлтілтеді көзде жасы.
Қыбырлап қызыл ерні тоңғандай боп,
Қабақта қимылдады қара қасы.
Əке де, шеше де жау, туған да жау,
Бар сенгені Алтайдың қара басы.
Неге екенін білмейді өзі-дағы,
Əйтеуір ауды соған ықыласы.
«Алтайжан, қайтемін!» – деп құшақтады,
Оралып мойынына жібек шашы.
Алтайдың мына сөзге мұздап іші,
Құбылып қырық түрленіп сұрша түсі,
Аузына айта-тұғын түк сөз түспей,
Дей берді:
– «Құда болған қандай кісі?»
– «Ол атақты Байбосын, ұлы жүзде
Билік құрып аюдай батқан тісі.
Оған жесір бермеуге, теңгермеуге
Үш жүзде де келмейді жанның күші.
Байбосынның жұмсары кектескенге, –
Шоқпарлы қол, сүйреген найза ұшы!»
– «Енді білдім, Сұлушаш, енді білдім!..
Қармағына түсіпсің мықты дүрдің.
Ол қармақтан құтқарып алу үшін
Қолынан не келеді мендей «құлдың!»
Мен жанымды қиямын құтқаруға,
Дерлік болсаң егерде «көзді жұмдым!»
Əкеңнің төрт құбыласы түгел дерлік,
Тізесін дəу-перінің бүгер дерлік,
Тік тұрса төбесімен көкті сүйеп,
Қолымен қос бүйірін тірер дерлік.
Сені берген қайының Байбосын да,
Үйретіп жолбарысты шідерлерлік.
Азуы алты қарыс өңшең аю,
Оңайлықпен бере ме бізге теңдік.
Мұндай іске бел байлап, көз жұмғанда,
Қайратыңнан тысқары керек ерлік.
Ойласақ малда ғана күш пенен бақ,
Кім-кімде малы болса мықты болмақ.
Кім ат пенен ас берсе, елдің бəрі
Сойылын соғып соның, тілін алмақ.
Бір мені күл ғып көкке ұшырады,
Жағынған екі байға өңшең жалдап.
Қаптаған қалың аран іштерінен,
Əкету тағы қиын көзін алдап.
Мұндай бəле басқа кеп орнағанда
Құтылмақ талмай-тұғын жүйрік саңлақ».
– «Алтайжан! – деді сұлу бір заманда, –
Нелер мұңды еткен жоқ бұл жалғанда!
Өкінгенмен өткен іс бұзылмайды,
Оған кейіп қажыма, назаланба!
Кеше-тұғын өткел көп екені рас,
Талай əлі қиындық жатыр алда.
Мен сендік!.. Сенер болсаң сырым осы,
Қосылмасам санама тірі жанға.
Құр қажудан, қажырлы арық қайрат
Ұнатсаң мен бір амал жүрмін ойлап,
Ұрын келсін деп əдейі атасқан-ды,
Шақыртуға белімді будым байлап.
Жамандығы шын болса жасқаншақтап,
Сенсе өзіне əлемге келер жайнап.
Менсінбеймін десем ол не қылады,
Азар болса бармағын кетер шайнап.
Жамандығын көзімен көрсе өзі,
Əкем-дағы уəдесін бұзып, таймақ.
Менің əкем тек сонда бүлінеді,
Уəдеден жəне де шегінеді.
Байбосын көнсе егер Құдай иіп,
Малдары қайырылып беріледі.
Жау жағы тулағанмен не қылады,
Азар болса біраз мал төгіледі,
Баласы жаман болып көзге түссе,
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на ЛитРес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.